ИСЛАМДАҒЫ АЛЛАҺ ЖӘНЕ АЛЛАҒА ИМАН
Алла Тағала – әлемдердің Раббысы. Барлық мақтау мен мадақ, құдірет пен ұлылық, биіктік пен үстемдік Оған ғана тән. Аспандар мен жердегі барлық нәрсе Оған тиесілі. Біздің Раббымыз – шексіз күш пен мәңгілік даналықтың иесі. Өмір мен өлімді жаратқан, билік пен байлықты берген, қалағанын биіктетіп, қалағанын төмендететін де Ол. Барлық нәрсені жаратып, жаратуды жалғастырып жатқан, өмір беретін, ризықтандыратын, қорғаушы және қамқоршы – жалғыз Алла. Өмірдің әрбір сәті мен саласына билік ететін де, оны басқаратын да тек қана Ол.
Аллаға иман ету – Ислам дінін қабылдаудың ең бірінші шарты. Алланың барлығына, бірлігіне, теңі мен ұқсасы, серігі жоқтығына сену – иман негіздерінің іргетасы. Бізді жоқтан бар етіп жаратқан және сансыз нығметтерімен өмір сүргізген Раббымыздың бізден талап ететін ең үлкен хақы – Оған иман келтіру.
Аллаға иман ету – Оның жіберген Пайғамбарына және түсірген Құранындағы үкімдеріне бағынуды, белгіленген шекараларына мойынсұнуды білдіреді. Мұсылман адам Аллаға сенуді жай ғана сөз жүзінде қалдырмайды. Керісінше, бұл сенім Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистері арқылы Раббысын танып, сол сенімге сай өмір сүруді талап етеді.
Аллаға иман ету – мұсылманның өміріне мағына береді, ойлары мен шешімдеріне бағыт көрсетеді және тірі мен өлі арасындағы барлық қарым-қатынасына әсер етеді. Сондықтан мұсылманның жүрегінде терең орнығып, тілінен шыққан иман – жер бетіндегі ізгіліктің кепілі болып табылады.
Аллаға иман еткен адам:
- Әр ісінде Раббысының ризалығын көздейді.
- Отбасы, туыстары, көршілері және бірге жұмыс істейтін адамдардың құқықтарын қорғайды.
- Қандай да бір жауапкершілік алса, оны аманат ретінде сезініп, адал орындайды.
- Жақсылық пен жамандықтың ең кішкентайының да есебі болатынын біледі.
- Ақыретін дүниелік өмірге айырбастамайды және өмірін есеп беруге лайықты түрде өткізеді.
Дереккөз: ИСЛАМДАҒЫ АЛЛАҺ ЖӘНЕ АЛЛАҒА ИМАН