Жиһад

Жиһад

Араб тіліндегі «жһд/жәһд» түбірінен шыққан жиһад сөзі тілдік тұрғыдан күш салу, бар ынтаны жұмсау деген мағынаны білдіреді. Діни терминологияда жиһад – қиыншылықтарға сабырлық танытып, дұшпанмен, нәпсімен, шайтанмен, сондай-ақ азғындық пен әділетсіздіктің көрінісі саналатын бүлік, күнә, зұлымдық секілді жамандықтармен рухани және материалдық тұрғыда күресуді білдіреді. Яғни, жиһад – нәпсімен күресті (ұлы/рухани жиһад) және дұшпанмен шайқасуды (кіші/материалдық жиһад) қамтитын кең ауқымды ұғым.

Жиһадтың анықтамасынан түсінетініміздей, ол мұсылман адамның дұшпанмен күресін ғана емес, сонымен қатар Ібілістің алдау-арбауына қарамастан «адам» болу үшін нәпсімен жүргізген үздіксіз күресін де қамтиды. Адам осы рухани күресті жеңбесе, соғыс алаңындағы жиһады да қауіпке ұшырайды. Мұндай жағдайда Алла жолындағы сапардың мақсаты атақ, даңқ және олжа үшін жүргізілген соғысқа айналу қаупі туады. Осылайша, адамның өмір сүру құқығы мен қадірін қорғауға негізделген жиһад өзінің негізгі мәнінен айырылып, жан алу мен олжа табудың құралына айналады.

Соғыс тарихы адамзат тарихымен қатар жүріп келеді. Алайда Исламдағы соғыс ұғымы басқа діндер мен идеологиялардың соғыс логикасынан айтарлықтай ерекшеленеді. Ислам соғысты зұлымдық жасау үшін емес, әділетті орнату үшін жүргізеді. Ол ешқашан байлық жинау, жерді басып алу, адамдарға үстемдік ету, оларды құлдыққа салу, байлығын тонау, кек алу үшін соғыс ашпайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Тәбук жорығында хазіреті Әлиге ту тапсырғанда: «Әли! Соғысқан яһудилерге олардың құқықтарын хабарла. Сенің қолыңмен олардың бірі тура жолға түссе, бұл сен үшін қызыл түйелерге ие болудан әлдеқайда қайырлы» деген. Бұл сөздер Исламның соғысқа қандай мән беретінін түсіну үшін өте маңызды. Ислам соғысты экономикалық, әлеуметтік және саяси үстемдікке жету құралы ретінде емес, адамның қадір-қасиетін сақтай отырып, бейбіт өмірді қамтамасыз ету үшін «соңғы шара» ретінде қарайды.

Құран жиһад пен соғыс ұғымдарын «Алла жолындағы күрес» (фи сабилиллах) деп атайды. Сондықтан Алла ризалығынан тыс кез келген күрес Исламның бұйырған жиһады болып табылмайды. Мұсылмандарға өздеріне соғыс ашпаған және зұлымдық жасамаған кәпірлерге жақсы қарым-қатынас жасау бұйырылған. Құранда: «Діндерің үшін сендермен соғыспаған, жерлеріңнен қумаған кәпірлерге жақсылық жасаудан, әділдік пен мейірімділік көрсетуден Алла сендерді тыймайды. Алла әділді жақсы көреді» (Мумтахина, 60) және «Сендермен соғысқандарға қарсы Алла жолында соғысыңдар. Бірақ әділетсіздікке бармаңдар. Расында, Алла шектен шығушыларды жақсы көрмейді» (Бақара, 190) делінген.

Сонымен қатар, Құранда «Фитне (зұлымдық) жойылып, дін мен мойынсұну тек Аллаға арналатын болғанша олармен соғысыңдар. Егер олар қарсыласуды доғарса, зұлымдардан басқаларға дұшпандық болмайтынын біліңдер» (Бақара, 193) деп бұйырылған. Бұл жерде соғыстың мақсаты тек мұсылмандарды мүшріктердің зұлымдығынан құтқару емес, сонымен қатар, дін мен ар-ождан еркіндігін қорғау екені де еске салынады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дұшпанмен бетпе-бет келуді тілемеңдер. Бұл тұрғыда Алладан амандық сұраңдар. Егер оларға қарсы тұрсаңдар, сабырлы болыңдар. Және біліңдер: жәннат қылыштардың көлеңкесінде» деп айтқан. Бұл сөздер Исламның соғыстан гөрі бейбітшілікті жоғары қоятынын көрсетеді.

Related Posts

Are you sure want to unlock this post?
Unlock left : 0
Are you sure want to cancel subscription?