Исламдағы Ғибадат
Ғибадат сөзі «бағыну, мойынсұну, құлшылық ету, кішіпейілділік көрсету, тәңірге табыну» деген мағынаны білдіреді. Діни термин ретінде бұл ұғым: «Іс-әрекет пен ниетке байланысты жасалған, сауапқа кенелтетін және Аллаға құрмет пен жақындықты білдіретін саналы мойынсұну» деп түсіндіріледі. Аллаға ғибадат ету – бағыну мен құрмет көрсетудің ең жоғарғы деңгейі. Құранда адамдардың Аллаға құлшылық ету үшін жаратылғандығы (Зарият, 51/56) және барлық пайғамбарлардың адамдарды Аллаға ғибадат етуге шақырғаны (Бақара, 2/83) баяндалады.
Құранда ғибадат ұғымы түрлі мағыналарда қолданылған, мысалы:
- Тәухид (бірқұдайшылық) (Ниса, 4/36)
- Бағыну (Бақара, 2/172)
- Дұға жасау (Мумин, 40/60)
- Иіліп бағыну (Фатиха, 1/5)
- Иман және ізгі амалдар (Ниса, 4/172-173)
- Алланы пәктеу мен сәжде жасау (Ағраф, 7/206)
- Алланы тану және білу (Зарият, 51/56).
Осы мағыналардан ғибадаттың кең ауқымдағы анықтамасы Исламның бұйрықтары мен тыйымдарын сақтау және Алланың белгілеген шектерін қорғауды қамтитыны белгілі болады.
Ғибадаттың қабыл болуы үшін адамның бойында мыналар болуы қажет:
- Иман (сенім)
- Ниет
- Ықылас
Ғибадат Алла ризалығы үшін және Ислам талаптарына сай орындалуы тиіс.
Іс-әрекет тұрғысынан алғанда ғибадаттар төрт топқа бөлінеді:
- Жүрекпен жасалатын ғибадаттар: Иман, ықылас, ниет, ойлану, Алланы тану, сабыр, тақуалық.
- Дене арқылы жасалатын ғибадаттар: Намаз оқу, ораза ұстау, тілмен зікір айтып, дұға жасау, ата-анаға жақсылық көрсету, адамдарға жақсы қарым-қатынас жасау және туыстық байланысты сақтау.
- Мал-мүлік арқылы жасалатын ғибадаттар: Зекет беру, садақа беру, мұқтаждарға көмектесу және Алла жолында мал-мүлікті жұмсау.
- Мал-мүлік пен дене арқылы жасалатын ғибадаттар: Қажылыққа бару, жиһадқа қатысу.
Дереккөз: Діни басқарма